МАРГОНЫҢ КӨЗІНІҢ СОРАСЫ АҚТЫ...
Қазір солтүстіктегі соғысқұмар елдің әскери билігінде (саяси деуге аузым бармайды) мықты бір армия бар. Кремльдегі ергежей бойлы "көсемнің" есірігінің жолында өмірлерін қиып беріп, сүйегі сұраусыз, ит пен құсқа жем болып жатқан майдандағы миллиондардан бөлек, аз санды тап осы армия
Ресей армиясының ішіндегі ең күшті жұмыс жасап жатқандары. Қожайыны қалай бұрылса, соның аяғы болып, солай жүруге дайын тұратын, "айтақ" десе, бара сап бас салатын нап-нағыз - итаршылар.
Сондайлардың бірі - Маргарита Симонян. Бұрындары дәурені жүріп тұрғанда, күн-түн демей қожайынын қорғап үріп тұрғанда, өзге түгілі Кремльдегі галстук таққан жейде сыймас жуанқарын мұжықтар мен каблук киген керсенқұйрық келіншектердің өзі сөзіне құлақ түріп тұрғанда, Маргоша жалғанды жалпағынан басқан. Ресейдің ақпараттық кеңістігінде біраз дүниеге ие болды. Әлемге әжуа болған әйгілі "Киевтің үш күнде аламыз" деген сөзді де осы Маргоша айтқан, бірінші болып. Қойшы, содан бері неше күз, неше көктем өтті?..
Қазақ: "Жыланды үш кессең де, кесірткелік әлі бар" дейтіндей, Маргоша күні-түні бір тынбай, Кремльдің айтағында жүргенде, әлемге жексұрын атанды. Санкцияны дөгелеп арқалады. Өзге түгілі армян жұрты бұны елге кіргізбейтін сүйкімсіздердің санына қосты. Байы бүк түсіп, біраз жатты да ақыры өлді. Бұ байқұс сол байының күлін әлі жерлеген жоқ, түнде төсегінің басына қойып жататынын өзі айтқан. Сөйтіп жүргенде өзі де аты жаман ауруға шалдықты. Бұрын да қыз біткеннің сүйкімдісі емес еді, қазір тіпті реңі кеткен. Ауруы алып барады (рас болса).
Бірақ, сөйлеуден жағы талған жоқ. "Өле-өлгенше саптамын", - деп келеді. Сол жанқиярлығы үшін аяусыз марапатталып келеді. Әрідегісін айтпағанда, Украинаға қарсы басқыншылық басталған 2014-тен берісін қараңыздар
"Қырымдағы жағдайды насихаттаудағы обьективтілігі үшін" - "Отан алдындағы еңбегі үшін" ордені (2014)
"Ақпараттық насихаттары үшін" - "Александр Невский" ордені (2019)
"Ақпараттық насихаттары үшін" - "Құрмет" ордені (2022)
"Ақпараттық насихаттары үшін" - "Отан алдындағы еңбегі үшін" ордені (2024)
"Ақпараттық насихаттары үшін" - "Әулие Ольга" ордені (2025)
Бұл сондай адам. Сол Маргоша бүйдепті, кешелі-бүгіндері
"ҰҚШҰ (ОДКБ) елдері Ресейге жанармай мәселесінде ақысыз, қайтарымсыз жәрдемдесуге міндетті. Біз олардың "Қауіпсіздігіне кепілміз". Ал олар бізге не беріп жатыр? Біздің кепілдігіміздің құнын жанармаймен төлесін. Ресей "арнайы операция" жүргізіп жатыр. Сөйте тұра, әлі күнге дейін ҰҚШҰ-ны соғысқа тікелей тартқан жоқ. Ал біздің ҰҚШҰ келісімдерімізде "көмекке келу туралы" анық жазылған", - депті.
Бұл енді жай ғана арандату емес, нағыз арсыздың сөзі ғой. Рас па екен, деп әрі-бері іздеп көрдім. Түпнұсқасын таппадым. Тик-Токта бір минуттық қи ындысы ғана жүр екен. Қазір ЖИ дәген қиын ғой, бәлкім әлде біреулер бұны келемеж еткісі келді ме, жоқ әлде үшінші біреулер арандату үшін жасады ма, бәлкім бұл айтарын айтып алып, артынан жуып-тазалап жоқ қылды ма, бұ жағы белгісіз...
Белгілісі біреу. Ол - Украинаның от тұмсұқты темір құстары (дрондары) Ресейдің МӨЗ-деріне қырғидай тиіп, жол бойы жанармай тиелген жүк көліктерін баудай түсіріп жатыр.
Салдары әл-әзірден сезіле бастаған. Аннекцияланған Қырымда жағдай ең қиыны. Ол жақта бензинді талонмен ғана беріп жатыр.
Оккупациядағы Луганскі мен Донецкі облыстары да жетісіп жатқан жоқ. Бұл жақтар да жанармайды шектік мөлшермен ғана саудалауда.
Мәскеу мен Мәскеу маңы да жанармай саудасын бақылауға ала бастаған. Петербор мен Ленинградта да жағдай күрделене түскен.
Ресейдің солтүстігіндегі Карелия, Мурманскі мен Новгород облыстары да жанармай жетіспеушілігі туралы айта бастаған.
Ұзын-саны, мұндай шектеулер Ресейдің 20 өңірінде байқалуда. Кей өңірлер әр көлікке 20 литрден 60 литерге дейін ғана саудалап жатыр. Бұл дағдарыстың басты себептерінің бірі мұнай өңдеу зауыттарына жасалған соққылар.
Bloomberg мәліметінше, 2026 жылдың қаңтары мен мамыры аралығында Ресейдің МӨЗ-деріне 38 рет дөп соққы жасалған екен, соның 16-сы өткен мамыр айында жасалған. Бұл соғыс басталғалы бергі ең жоғары көрсеткіш.